Уахабилер қазір бұрынғыдай емес. Тақияны киген, сақалды қырған. Ханафи мәзхабын ұстанамыз деп қояды. Сонда алған беттерінен қайтты ма? Жоқ әрине. Бұлар қазір "біз азбыз, көбейіп алайық" деп жатыр. "Көбейгесін әкесін танытамыз" дейді. Мен оқыған Египетте тура солай болған. Уахабилерге үкімет тыйым салғасын олар көнгендей болды да қатарларын көбейте берді. Әбден көбейіп алғасын бір-ақ күнде үкіметті төңкеріп тастады. Бізде де солай істегісі келеді, Алла сақтасын. Қарап отырсаң мешітке келіп намазын оқиды да асығып тұра қашады. Қайда бара жатыр дейсіз ғой. Адам тартуға, қатарларын көбейтуге бара жатыр. Оның сізбен әңгімелесіп тұруға, мешітте отыруға уақыты жоқ. Ал біз жүрміз аузымызды ашып "уахабилер жаман" деп қойып. Айналайын бауырлар, әрқайсыңа тапсырма мешітке әр келгенде бір адамнан жетектеп, көндіріп алып келіңдер. Мына жерден уағыз тыңдасын. Уахабилер келіп үгіттесе алданып қалмайтындай антивирус орнатып жіберейік. Сонда ғана аман қаламыз. Жайбарақат жүре беруге болмайды.
Ұстаз Қабылбек Әліпбайұлы